• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Тамыз, 2018

«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Сычуань провинциясы көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытпақ

454 рет
көрсетілді

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының даму жөніндегі орынбасары Мақсат Қабашевтің Сычуань провинциялық ҚКП партия комитетінің тұрақты комитетінің мүшесі, Чэнду қаласы ҚКП қалалық комитетінің хатшысы Фань Жуйпинмен кездесуі барысында темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды.

Қазақстан аумағы арқылы өтетін ҚХР-ЕО-ҚХР бағыты бойынша контейнерлік тасымал көлемінде оң динамика бар екені атап айтылды.

2018 жылдың 7 айында Алашанькоу – Достық және Қорғас – Алтынкөл шекара өткелдері арқылы жүк тасымалының көлемі 7 723 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1 964 мың тоннаға (немесе 34%-ға) артық.

М.Қабашев Қазақстанның көліктік-логистикалық мүмкіндіктері, трансұлттық бағдарларды дамыту, транзиттік жүк ағынын ұлғайту бойынша шаралар туралы мәліметтер берді.

«Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» бастамасының екі ел арасындағы транзиттік-көліктік ынтымақтастықты дамыту саласында жарқын болашаққа бастайтын мақсаттары ортақ»,- деді М. Қабашев.

Ынтымақтастықтың табысты факторларының бірі – альянс пен инфрақұрылым бойынша серіктестердің үйлесімді жұмысы. Бүгінгі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қытайдың 17 провинциясында жұмыс істейді. Алдағы уақытта Қытай провинцияларымен қатысу географиясын кеңейту жоспарлануда.

Ф. Жуйпиннің айтуынша, Қазақстан мен Қытай көліктік-логистикалық инфрақұрылымды қарқынды дамытуда. Шекаралық станциялардың қуаты арттырылып, логистикалық тізбек құрылуда. Ол Сычуань провинциясының көліктік мүмкіндіктері туралы баяндап, аталған салада ынтымақтастықты дамытуды қолдайтындығын білдірді.

Кездесуде сонымен қатар Чэнду қаласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ -ның өкілдігін/бірлескен кәсіпорын құру жайы да айтылды.